- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада жүргізуші куәлігін...
Астанада жүргізуші куәлігін жасап беремін деген алаяқ анықталды
Астанада жүргізуші куәлігін жасап беремін деген алаяқ анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғыны полицияға белгісіз біреу жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деген желеумен алдап, ақшаны иемденгені туралы арызданған. Алаяқ өз қызметін ұсыну арқылы сенгіш астаналықтан 41 мың теңгені алдап алған. Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 25 жастағы қала тұрғынын анықтады.
"Іс жүргізу барысында оның көлік жүргізу емтиханынан өтпей және жол қозғалысы ережелерін білмей жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіні анықталды. Ол үшін алаяқ жәбірленушіден аванстық төлемді алып, ақшаны алғаннан кейін із-түзсіз жоғалып, телефон қоңырауларына жауап беруді тоқтатқан. Ер адам кінәсін мойындады, қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - дейді Сарыарқа ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі Қуаныш Шерназаров.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде емтихансыз және оқусыз жүргізуші куәлігін алу туралы аккаунттар мен хабарландырулар көбейіп кетті. Полицейлер жүргізуші куәлігін беру тәртібі мен ережелері www.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылғанын және тек уәкілетті органмен берілетінін ескертеді. Жалған құжаттарды алғандығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылу көзделген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина