Астанада жүргізуші куәлігін уәде еткен алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеушілер ер адамның жас қызға тез арада емтихансыз көлік жүргізу құжатын алуға көмектесуді ұсынғанын анықтады. Алаяқ өз жұмысы үшін 300 мың теңге сұраған. Қаскүнемнің ұсынысымен келіскен жәбірленуші оған аударым арқылы ақша аударған. Ақшаны алғаннан кейін ер адам байланысын тоқтатып, елорда тұрғыны полицияға арызданған.
Жедел-іздестіру шаралары аясында Сарыарқа аудандық қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізуші куәлігін жасап беремін деген сылтаумен алаяқтық жолмен ақшалай қаражатты иемденген 34 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Ол жасаған қылмысын мойындап, материалдық шығынды өтеді.
Астана қаласы полиция департаменті жүргізуші куәлігін тек уәкілетті орган беретінін, оның үстіне жүргізуші куәлігін сатып алу заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын азаматтардың есіне салады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!