Астанада жолаушы ұшақта жанжал шығарып, полицияға қарсылық көрсеткен

Астанада ұшақ бортында жанжал шығарған мас жолаушы 10 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Анталия - Астана рейсінің жолаушысы әуе кемесі бортында жанжал шығарып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен.

Әуе кемесі қонуға үлгермей жатып, жолаушылардың бірі борттағы тәртіпті бұза бастаған. Ішімдік ішкен ер адам былапыт сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтірген.

Әуе кемесі Астана әуежайына қонғаннан кейін жолаушы көлік полицейлеріне тапсырылған.

Тексеріс барысында тәртіп бұзған адам 44 жастағы елорда тұрғыны екені анықталды. Алайда ұшақ қонғаннан кейін де жағдай жалғасын тапқан. Оны полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ер адам тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындаудан бас тартып, қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты полицейлер арнайы құрал - кісен қолдануға мәжбүр болған.

"Тексеріс қорытындысы бойынша ер адам ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу дерегі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, сот ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады", - деп жазылған хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!