- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада жоқ пәтерді...
Астанада жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан тұрғын ұсталды
Астанада полицейлер жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан алаяқты әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есіл ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында астаналықтарды алдап кеткен 41 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адамның Krisha.kz сайтына нарық құнынан төмен бағада Астанада жоқ пәтерлерді жалға беру туралы хабарландырулар жариялағаны анықталды. Ол шұғыл және пәтер жалдауға ниет білдіргендердің көптігін сылтауратып, жәбірленушілерден 90-100 мың теңге аралығында алдын ала төлемді аударуды сұраған.
Күдіктінің арбауына тап болған 4 астаналық полицияға жүгінген. Солардың бірі, 21 жастағы Астана тұрғыны күдіктінің "жалға пәтер беремін" деген өтірігіне сеніп, 100 мың теңге көлеміндегі ақшасынан қағылған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде басқа да зардап шеккендер анықталып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан