Әлеуметтік желіде "Астанада жігітті сауда орталығынан әскерге күштеп алып кеткені" туралы видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желідегі мәліметке сүйенсек, бұл оқиға қаладағы сауда орталығының бірінде болған, департамент қызметкерлері жігітті жұмыс уақытында әріптестері мен куәгерлердің көз алдында алып кеткен.
Кейбіреулер бұл жайтты видеоға түсіріп алған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл көрініске наразылық білдірген: "Мынау не сұмдық?!", "Бұлай алып кетуге қандай құқығы бар?", "Бәрі жақсы болсын деп тілейік".
Астана қаласы бойынша Қорғаныс істері департаменті желідегі видеоға пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, 4 желтоқсанда жедел профилактикалық іс-шаралар шеңберінде Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, дерекқорда әскерге шақыратын жастағы тұлға ретінде тұрған 2002 жылы туған Ә.-ні тоқтатқан.
"Тексеріс барысында азамат бұрын әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін міндетті медициналық куәландырудан өтпегені анықталды. Оған қалалық жиын пунктіне бару ұсынылды, бірақ ол бас тартты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азамат медициналық комиссиядан өту үшін жеткізілді. Алғашқы медициналық тексеріс нәтижелері бойынша ол тұрақты тіркелген жері бойынша қосымша тексеріске жіберілді. Оған тиісті жолдама берілді, содан кейін ол үйге жіберілді. Азамат тарапынан заңсыз әрекеттер туралы шағым, арыз түскен жоқ", - деп жазылған Massaget.kz-ке берілген жауапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз