- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада жезөкшелердің жұмысын...
Астанада жезөкшелердің жұмысын ұйымдастырған жеңгетайлар сотталды
Астанада жезөкшелердің жұмысын ұйымдастырған "жеңгетай" сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
6 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру және оны ұстау, сол сияқты жеңгетайлық фактісі бойынша Б. мен О.-ға қатысты үкім шығарды (ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы).
Айыптаудың мәні қандай?
Б. және О. 2019 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы маусым аралығында адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы жезөкшелікпен айналысу үшін "Р" притонын ұйымдастырып және оны ұстаған, сондай-ақ жеке мақсаттарында жеңгетайлықпен айналысқан.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамалары мен мамандардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша басқа да материалдарымен дәлелденді.
Тараптардың ұстанымы қандай?
Сотта прокурор айыпты қолдап, әрқайсысына 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәсін мойындамады.
Қорғаушы тарап оларды ақтауды, ал соттың айыптау үкімі шығарылған жағдайда бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды немесе оны кейінге қалдыруды сұрады.
Үкім қандай?
ҚК 309-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен Б. және О. ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды (әрқайсысы). Сотталушы Б.-ның мүлкі тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина