Астанада темекі тұқылын жерге тастағандар камера арқылы анықталып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қосшығұлұлы көшесінде бейнебақылау камераларының көмегімен темекі тұқылын жерге тастап, абаттандыру ережелерін бұзған 37 жастағы ер адам анықталған. Осыған ұқсас жағдай Сарыарқа даңғылында да тіркелген. Үйлердің бірінің маңындағы қоғамдық орында 37 жастағы ер адам темекі тұқылын жерге тастаған. Бұл құқықбұзушылық та бейнебақылау жүйесі арқылы анықталған.
Қала аумағына жүргізілген мониторинг барысында тағы бір дерек тіркелген.
"Toyota көлігінің жүргізушісі көліктің есігін ашып, темекі шеккен. Кейін темекі тұқылын көшеге лақтырып жіберген. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері осындай 34 мыңнан аса құқықбұзушылықты анықтады. Әрбір дерек бойынша тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданады", - деді ІІМ өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова