Астанада жедел медициналық жәрдем станциясында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тергеген қылмыстық іс қаралды.
Сот 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры, бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және бұрынғы бас механик әрі қойма меңгерушісі міндетін қоса атқарушы санитарлық көліктерді жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырғанын анықтады.
Салдарынан жұмыс істеп тұрған көліктердің саны 149-дан 32-ге дейін азайған. Мемлекетке келген жалпы залал 700 млн теңгеден асты.
Оның ішінде 440 млн теңгеден аса сома сот үкімімен өндірілген, ал такси қызметіне жұмсалған 300 млн теңгеден аса қаражат азаматтық сот арқылы өндірілмек.
Сот үкімімен барлығы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 9 және 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, олардың әрқайсына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!