Астанада жедел жәрдем станциясында ақша жымқырылғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елорда прокуратурасы ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментімен бірлесіп, 2020-2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясы бюджет қаражатын жымқырғанын әшкереледі.
Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылған.
"Санитарлық көліктің бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттарын жасау деректері анықталды. Соның салдарынан жұмыс істейтін көліктердің саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектерді жымқыру салдарынан пайдаланудан шығарылған. Қазір 103 автопаркі толық қалпына келтірілді", - деп жазылған хабарламада.
4 қызметкер, соның ішінде 2 орта буынды басшы мен станция директоры ұсталды. Олардың әрекеттерінен мемлекетке 850 млн теңге сомасында аса ірі залал келген.
Олардың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы, 189-бабы 3-бөлігі 1),2),3) тармақтары бойынша сараланды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова