- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада жедел жәрдем...
Астанада жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасалды: дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Жедел жәрдем фельдшеріне пышақпен шабуыл жасау оқиғасынан кейін дәрігерлер астаналықтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорданың денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Өткен демалыс күндері 103 пультіне жеделдіктің 3-ші санаты бойынша қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадасын әйел адам шақырды. Көрсетілген мекенжайға келген уақытта дәрігерлер мас күйде озбырлық танытқан ер адамды байқады.
"Жедел жәрдем қызметкері медициналық тексеруге кіріскенде, ер адам фельдшерді ұстап алып, оны бөлмеге сүйреп апарды да, фельдшердің тамағына пышақ қойып, шабуыл жасаған. Екінші фельдшер бұл туралы "Алматы" ауданының кіші станциясының аға дәрігеріне хабарлап, полиция шақырды. Фельдшер полиция қызметкерлері келгенге дейін шабуылдан жалтарып үлгерді. Шабуыл нәтижесінде фельдшер де, оған шабуыл жасаған адам да жарақат алған жоқ", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері ер адамды ұстап алды.
Айта кетейік, елордада адамдарды құтқару үшін көмекке келген жедел жәрдем қызметкерлерінің өздеріне қауіп төнетін жағдай аз емес. Тек 2024 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында осындай тоғыз жағдай тіркелді.
Басқарма қала тұрғындарын медицина қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетіп, оларға қатысты агрессив әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Жедел жәрдем қызметкерлерінің басты мақсаты - шұғыл медициналық көмек көрсету және науқастардың өмірін сақтау екенін түсіну маңызды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек