Астанада мектеп аумағында болған тосын оқиғаға қатысушылар жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері елордадағы мектептердің бірінің аумағында қоғамдық тәртіп бұзылғанын анықтады. 17 жастағы жасөспірім көлікпен оқу орны аумағына заңсыз кірген. Ол жасалған ескертуге агрессивті жауап беріп, салдарынан жанжал туындаған.
Тексеріс нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық адам жауапкершілікке тартылған.
"Сот шешімімен кәмелетке толмаған жасөспірім мен мектеп қызметкері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жазаланды. Сонымен қатар, көлік жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін де жазаланды. Жасөспірімнің ата-анасын оның тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Материалдар профилактикалық шаралар қабылдау үшін оның тұрғылықты жеріне жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова