Астана қаласы әкімдігінің "Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы" КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ҚМА елордалық департаменті тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020-2023 жылдары аралығында ақша жымқыру шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іссапар шығындарын асыра көрсету арқылы жасалған.
Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты КММ басшылығы алып отырған.
Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 миллион теңге.
Сонымен қатар, КММ басшысы оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды.
ҚММ бастығына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!