Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада биыл аяқталатын ірі жол құрылыстары туралы айтты. Оның сөзінше, жыл аяғына дейін қалада тағы 15 шақырым жол салынып, көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында жаңбыр суын ағызатын және тұрмыстық кәріз жүйелері, кабель арналары, жылу және байланыс желілері тартылып, кәріз сорғы станциясы салынып жатыр. Қазір жол төсемін төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілі жатыр.
"Бұл жоба Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Хусейн бен Талал көшесі маңындағы қарқынды салынып жатқан сол жағалау аумағын қажет инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді", – деп жазды Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, қарашаның аяғына дейін жолдың бір жағымен бүкіл учаске бойында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Жангелдин көшесінің құрылысы аяқталғаннан кейін Қ. Күмісбеков пен Ш. Бейсекова көшелерінің арасында көлік қатынасы ашылады. Сонымен қатар, №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және "Білім-Инновация" лицей-интернатына қатынау жеңілдейді.
Қазір бұл аумақта инженерлік желілер тартылып, жол төсемін төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Биыл 10 қарашаға дейін жоба қамтитын жолдың бүкіл бойымен көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз", – деді Астана әкімі.
"Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу" жобасы аясында құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Көпірдің металл конструкциясын құрастыру жұмысы толық аяқталды. "Астықжан" сауда үйі жағындағы учаскеде асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу жұмысы аяқталды.
Инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша негізгі жұмыстың 90%-ы аяқталды. Су құбыры, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізі желілері, жылу желілері мен байланыс желілері салынды.
Сонымен қатар, Сейфуллин көшесі жағында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір жол төсемін салу және асфальт төсеу үшін негіз дайындау жұмысы атқарылып, сондай-ақ, инженерлік желілерді жүргізу жұмысы жүріп жатыр.
Бұл жобаны іске асыру Ақан сері, Ш. Қосшығұлұлы және К. Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ, Көктал мен Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары үшін көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жаңа жолайрық елорданың сол жағалауы мен Ш. Айтматов көшесі арқылы Үркер елді мекеніне апаратын бағыттағы қаланың оң жағалауын байланыстыратын көлік қозғалысын жақсартады.
"Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі учаскеде Абайдың 150 жылдығы көшесін салу" жобасы іске асырылып жатыр. Қазір жол төсемін салу жұмысы жүргізілңп жатыр. Жыл аяғына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
"Пригородный елді мекеніндегі көшелерді салу. Местная 7 және Е522 көшелері (жобалық атаулары)" жобасы аясында Е522 көшесінде нөсер суы кәрізі салынды. Қазір су құбыры желілерін салу және жол төсемі жұмысы жүріп жатыр. Асфальтбетон жабынының төменгі қабатының 600 метріне асфальт төселді. Қазанның аяғына дейін Е522 көшесінде көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, биыл Астанада 50-ге жуық жол нысаны жұмыспен қамтылған.
"Елорданың барлық ауданында жол жөндеу және құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Мердігер ұйымдарға белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау және тиісті сапада орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!