Астанада жаңа әуежай салынады: жобаға сингапурлық алпауыт компания қызығушылық танытты

Астанада жаңа әуежай салынады: жобаға сингапурлық алпауыт компания қызығушылық танытты
Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов Changi Airport Group компаниясының бас атқарушы директоры Ям Кум Вэнгпен кездесіп, Қазақстандағы авиация саласын дамыту мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, кездесуде Астанада халықаралық авиациялық хаб құру және жаңа әуежай салу жобасына сингапурлық компанияның тәжірибесін тарту мүмкіндігі сөз болған.

Олжас Бектенов елордадағы әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Соның ішінде Астанада екінші әуежай салу жобасы да бар.

Ям Кум Вэнг Астананың Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік торабына айналу мүмкіндігі жоғары екенін айтқан. Ол компания жаңа әуежайды өңірлік хаб ретінде дамытуда өз тәжірибесі мен сараптамасын ұсынуға дайын екенін жеткізген.

Айта кетейік, Changi Airport Group Сингапурдағы Чанги және Селетар әуежайларын басқарады. Компанияның еншілес құрылымы әлемнің 20-дан аса еліндегі 60-тан аса әуежайды дамыту, басқару және жоспарлау жобаларына қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет келесі жылы көлік өткізу бекеттерін жаңғырту жұмысын аяқтап, Астанада жаңа әуежай салуға кірісетіні хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget