Астанада жалған нөмірлі автокөліктер анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұран даңғылында рейд кезінде полицейлер "Toyota Camry" және "Volkswagen Polo" маркалы екі автокөлікті тоқтатқан. Олардың тиісті құжаттарын тексеру кезінде жүргізушілер көліктерге жалған нөмірлер таққан анықталған.
"Volkswagen Polo" жүргізушісі автокөлікке басқа көліктің тіркеу нөмірлерін орнатса, "Toyota Camry" автокөлігінің иесі нөмірлік белгіні өзгерткені белгілі болған.
Екі құқық бұзушы да ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3, 4-бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару).
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен жүргізушілер әкімшілік қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Бұзушылардың көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.
Сонымен қатар, "Volkswagen Polo" жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде сақтамайтыны анықталды, оның есебінде 20-дан астам жол қозғалысы бұзылғандығы да тіркелген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз