Астанада иесіз ғимараттан өлі табылған оқушы туралы тың дерек шықты

Астанада иесіз ғимараттан өлі табылған оқушы туралы тың дерек шықты
Фото: Massaget.kz

Астанада иесіз ғимараттан денесі табылған 14 жастағы оқушы қыздың ажалы неден болғаны анықталды. Осыдан бір ай бұрын болған қайғылы жағдай бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысын полиция жария етті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қаңырап иесіз тұрған бұрынғы балабақша ғимаратынан 14 жасар қыздың денесін сол маңда ойнап жүрген балалар тапқан. Дәл сол жерде жалпы білім беретін мектеп те бар. Бірақ оқушы қыз онда емес, басқа мектепте оқыпты. 

Марқұм Ауреляның ата-анасы сабақтан кейін серуендеуге шыққан қыздарының неге ескі ғимаратқа барғанын түсінбейді. Бұған дейін де төрт рет өрт болып, тағы бір ер адам көз жұмған ескі ғимарат қаңғыбастар паналайтын жерге айналғалы үш жылдай болған. Қыздың жұмбақ өлімін әркім әрқалай айтып, сан-саққа жүгірткен еді. Ал сот-медициналық сараптамасы оның газдан уланғанын анықтады.

"14 жастағы қыздың мәйітіне қатысты істің мән-жайын объективті, жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлім газ қоспасымен уланудан болған. ҚР ҚК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жарияланбайды", – деді Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова. 

Еске салайық, 11 қыркүйекте елордада мектептің жанынан қыз өлі табылғаны хабарланған еді.

Бұл дерекке қатысты мектеп оқушылары өз шындықтарын айтқан болатын

"Ол №16 мектепте оқыды, біз мына №5 гимназияданбыз. Ауреляны бұрыннан танимыз, бізге 16-17 жастамын деп айтатын. Кеше ғана оның 13 жаста екенін білдік. Жақын күндері туған күнім деп жүрді. Ол шылым, вейптер шегетін. Мына қираған ғимаратқа бізді шақырған. Өзі осының маңайында газ балонын иіскеп отырды. Ас үйге, пешке арналған шағын газ балонын пакетке сеуіп, иіскейді. Ол бастапқыда күніне бес банкадан пайдаланатынмын, кейіннен мөлшерін 2-3 банкаға азайттым деген. Естуімізше, өлер алдында достарымен бірге "Целинный" дүкенінің жертөлесіне кіріп, үлкен газ балонын сатып алған. Достары, бәрі "передозировка" дейді", – деді оқушылар. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина