"Астана Экспо-2017" көрмесі аяқталысымен елордада Халықаралық жасыл технологиялар орталығы құрылатын болады. Бұл бастамаға әлемнің 86 елі қолдау білдіріп отыр, - деп жазады lsm.kz сайты.
Бұл туралы кеше Астанада өткен «Болашақ Энергиясы» форумының «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық экономика және саясат» атты ХІ конференциясында мәлім болды. ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры Наталья Пан өз сөзінде жаңаратын энергия көздері саласын дамытуға және инновациялық жаңалықтар енгізу үшін ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқаны жайлы айта кетті.
- Байқап отырғанымыздай, әлемде энергия көзі таусылып келеді. Еліміз жаңаратын энергия көздеріне көшу мен энергетикалық процестерде энергияның жұмсалуын қысқартуға барынша көңіл бөлу керек. Яғни жаңаратын энергия көздерін қолдау мақсатында арнайы Заңға өзгертулер енгізілді. Аталған сектор бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін заңнамалық актілер толықтырылды. Жылыжай газдары мен озон бұзушы зиянды заттарды реттеу мақсатындағы жобалар заң жүзінде қаралуда, - деді Наталья Пан.
Айта кету керек, Қазақстан тарапы бұл салада Заң қабылдаумен ғана шектелмейді. Жоба аясында бүкіәлемдік ұйымдардың жасыл технологияны патенттеуде онлайн-реестр жүргізетін де болады.
Көрме кезінде қазақстандық патентке ие біршама жобалар талқыланды. Наталья Панның айтуынша, 2015 жылдан бастап «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында 2593 «жасыл» технология патенттелген. Олардың 2/3 бөлігі табиғатты қорғау технологиялары, ал 45%-ы қатты минералды бөлшектерге қатысты технологиялар болып отыр. 36 %-ы суды өңдеу мен ағынды суларға қатысты жобалар. Жобалардың 1/3 бөлігі жаңаратын энергия көздерін табу мен дамытуға арналған. Оның ішінде 33%-ы – жел құрылғылары,, 23% - ы жылу мен күн энергиясы, 19% - ядролық физика мен ядролық технология, 14,5% - жартылайөткізгіш және электр құрылғылары арқылы жасалған жобалар.
Форум аясында қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешу және тұрақты энергетиканы дамыту үшін жаңа экономикалық әрі саяси серіктестік қарым-қатынастар қажеттілігі сөз болды.
Естеріңізге сала кетейік, "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында Халықаралық жасыл технологиялар орталығын құру жөніндегі бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев көтерген еді.