Астанада геймер туысын пышақтап өлтірді: Ұлттық комиссия ата-аналарға үндеу жасады

ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия 19 қаңтар күні Астанада болған қайғылы оқиғаға байланысты ата-аналарға үндеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

19 қаңтар күні Астанада қайғылы оқиға орын алды. Алдын ала ақпарат бойынша онлайн ойындарға шамадан тыс әуестікке байланысты жанжал туындап, салдарынан жақын туысқанының қолынан бір адам қайтыс болып, үшеуі жарақат алды. 

"Бұл оқиға балаларымыз қызығатын және әуестенетін дүниелерге жіті көңіл бөлудің маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде технологиялар - өміріміздің ажырамас бөлігі. Жастар, әсіресе жасөспірімдер, виртуалды әлемде уақыттарын көбірек өткізуде. "Kazakhstan Kids Online" зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда балалардың 15%-дан астамы интернеттегі теріс мазмұнмен күнделікті кездеседі. Бейнеойындарға, әлеуметтік желілерге және онлайн қарым-қатынасқа тәуелділік артып келеді. Бұл көбінесе балалардың қоғамнан оқшаулануына алып келіп, отбасыдағы түсініспеушіліктер мен жанжалдарға себеп болады", - делінген хабарламада.

Ұлттық комиссия ата-аналарды балаларының қызығушылықтары мен мәселелеріне айрықша көңіл бөлуге шақырады.

"Балаларыңыздың өміріне қатысу, олардың әуестіктеріне шынайы қызығушылық таныту және сенімге негізделген қарым-қатынас, диалог құру - олардың үйлесімді дамуының негізі және мүмкін болатын қауіптердің алдын алудың тиімді жолы.

Сонымен қатар біз ата-аналарға балалардың интернеттегі контенті мен өткізетін уақытына назар аудару үшін қолжетімді "ата-ана бақылауы" құралдарын пайдалануға кеңес береміз. Бұл балаларды гаджеттерге шамадан тыс әуестенуден, деструктивті ойындардан қорғауға және киберқауіп-қатерлерді азайтуға көмектеседі. Киберқауіпсіздікке мұқият мән беру отбасылық саламатты өмірдің маңызды бөлігіне айналуға тиіс.

Қазіргі заманның шынайылығы сол - балалармен қарым-қатынасқа көп уақыт бөліне бермейді. Дегенмен балаларыңыздың өмірі мен денсаулығынан маңызды ештеңе жоқ. Отбасында сенімге негізделген атмосфера құрып, олардың қауіпсіздігін қадағалаңыз және ең бастысы - балаларыңызға үлгі болыңыз", - деді Ұлттық комиссияда.

Еске салайық, 19 қаңтар күні Астанада 21 жастағы жігіт өз немере ағасын өлтіріп, үш туысын пышақтап жарақаттады. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың арасында компьютерлік ойынға байланысты жанжал туындаған.

Тергеу нұсқасы бойынша сол түнде күдікті смартфонымен сүйікті ойынын ойнап отырған. Түнгі сағат 3 шамасында тәтесі одан телефонды сөндіріп, ұйықтауын сұраған, себебі бүкіл отбасы демалып жатқан. Алайда ол бұл өтінішті елемеген. Кейін тәтесі тағы да ер адамнан басқаларға ұйықтауға кедергі жасамауын талап еткен. Мүмкін, осы себептен отбасы мүшелері арасында жанжал шыққан.

Барлығы ұйқыға кеткеннен кейін, Ж. асүй пышағын алып, немере ағасы мен өзіне ескерту жасаған тәтесінің ұлына 20-дан астам соққы жасайды.

Геймердің шабуылынан зардап шеккен туыстары №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!