Астана футбол қақпасы баланың үстіне құлап, салдарынан оқушы мерт болды. Полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал оқу-ағарту министрлігі осы оқиғадан кейін еліміздегі мектептердің спорт алаңдарын түгел тексеріп шықпақшы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
10 жастағы бала қақпада тұрғанда кенет басына оның бағанасы құлап, көп ұзамай көз жұмған. Болған жағдайдан кейін қақпаны сыммен байлап қойған. Дегенмен қақпа әлі де шайқалып тұр. Қақпасы жерге бекітілмеген, тоз-тозы шыққан алаңда балалар күнделікті доп тебеді. Қоршалған алаңның сыртында да бұдан үлкенірек футбол алаңы бар. Екеуінің де жағдайы мәз емес. Зілдей футбол қақпасының құлап кеткенін өз көзімен көрген ойын балалары бұл жерде доп ойнамастай болған.
"Біз арғы алаңда ойнап жатқан едік. Бергі тұстан баланың жан дауысы шықты. Жүгіріп келсек, бет-аузы қан-қан. Бірден қақпаны көтеруге тырыстық. Осы маңда жүрген ер адамдар да бізді көріп көмектесейін деп еді. Алайда ол бала қанына қақалып, жағдай одан бетер ушыға түсті. Жедел жәрдем көлігі 20 минуттан соң жетті. Артынша ата-анасы келіп, өзін қоярға жер таппады. Енді бір қарағанда баланың үстіне көк жамылғы жапты. Сұмдық жағдай. Енді мұнда футбол ойнамайтындай болдық", - дейді оқиға куәгері.
Ал білім басқармасының өкілі қаладағы 100 мектептің бәрінде спорт алаңы бар және оны келесі оқу маусымына дейін тексеріліп тұратынын айтты. Ал бір баланың өліміне себеп болған алаңға кейінгі рет төрт жыл бұрын жөндеу жасалыпты.
"Бұл футбол алаңы 2011 жылы салынған. 2019 жылы біздің дерегіміз бойынша алаң ауыстырылған. Сосын одан кейін ештеңе жасалмаған. Сол маңайдың тұрғындары мектептің басшылығынан біздің балалар ойнасыншы деп сұрайды. Негізі жауып тастасақ, балалар секірсе, бір жерін майыстырып кірсе, ол өзін жарақаттайды ғой. Сондықтан да есік ашқан ғой, балалар ойнасын деп. Енді ондай жағдай болатынын ешкім білмеген ғой", - дейді Астана білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов.
Қайғылы оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі барлық өңірдің мектеп аумағындағы спорт алаңдары мен құрал-жабдықтар жіті тексерілетінін айтты.
"Бұл бір жағдай ғана емес, Қазақстандағы барлық мектепте, мектеп айналасындағы мұндай заттардың нақты орнықтырылғаны туралы тексеруді қажет етеді. Сондықтан міндетті түрде бүкіл Қазақстандағы мектептің бәрін қайта қарауға байланысты тапсырма бердім", - дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!