- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада фельдшерді пышақпен...
Астанада фельдшерді пышақпен қорқытқан ер адамға үкім шықты
Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұрып-соғу (ӘҚБтК 73-2-бабының 1-бөлігі) және бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша К.-ге қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, К. екі эпизод бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды:
Бірінші эпизод бойынша, К. мас күйінде медициналық қызмет көрсету фельдшерін пышақпен қорқытып, оған физикалық күш көрсеткен.
Екінші эпизод бойынша, К. полиция басқармасының ғимаратында уақытша ұстау камерасының кезекші бөліміндегі едендегі кафельді сындырып, терезеге лақтырып, әйнекті қиратқан.
Сот отырысында К. кінәсін мойындады, өз іс-әрекетінің заңсыз екенін түсініп, кешірім сұрады.
Жәбірленуші әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.
К.-ның әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі іс материалдарымен, хаттамамен, процеске қатысушылардың айғақтарымен және полиция инспекторының баянатымен расталды.
Сот қаулысымен К. ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сондай-ақ, сот қаулысымен К. ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан