- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада есірткіні заңсыз...
Астанада есірткіні заңсыз өткізген адамға алқабилер шешім шығарды
Астанада есірткіні заңсыз өткізген адамға алқабилер шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу (ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау фактісі бойынша ҚК 296-бабының 2-бөлігі) С.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды.
Айыптаудың мәні:
Сотталушы Астана қаласында орналасқан үйінің жанында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізу мақсатында сатып алушымен кездесіп, шартты сатып алушыға салмағы 792,18 грамм, аса ірі мөлшердегі есірткі затын 370 000 теңгеге сатқан.
Сонымен қатар өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарын заңсыз сақтау мақсатында сотталушы тұрғылықты жері бойынша салмағы 0,46 грамм болатын есірткі — гашишті заңсыз сақтаған.
Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен сараптамалардың қорытындыларымен бейнежазбалармен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.
Тараптардың ұстанымы:
Прокурор 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.
Санкция:
- ҚК 297-бабының 3-бөлігі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
- ҚК 296-бабының 2-бөлігі 160 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Алқабилер сотының кесімімен С. аталған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот сотталушының кінәсін ішінара мойындауын жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер ҚПК-нің 656-бабының тәртібімен шешті.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін ескерді.
Сот үкімімен С. ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында және 296-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина