Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Есіл өзенінен ер адамды құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астананың Сарайшық ауданында, "Арыс" көпірінің астында ер адам Есіл өзенін жүзіп өтпек болған. Алайда ол жағаға өз күшімен шыға алмай қалған.
Осы аумақта кезекшілікте жүрген құтқарушылар дереу көмекке келді.
"Қызметкерлер құтқару шеңберінің көмегімен ер адамды судан алып шықты. Құтқарылған азамат 1985 жылы туған", - делінген ведомство хабарламасында.
Судан шығарылғаннан кейін ер адам тексеру үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
ТЖМ азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салды. Ведомство балаларды су маңында қараусыз қалдырмауға және ересектердің бақылауынсыз шомылуға жібермеуге кеңес береді.
Сондай-ақ, бейтаныс әрі шомылуға арналмаған жерлерде, "Шомылуға тыйым салынады", "Сүңгуге тыйым салынады" немесе "Қауіпті!" деген ескерту белгілері қойылған аумақтарда суға түсуге болмайды. Құтқарушылар мас күйде суға түспеуге, қалқымадан асып жүзбеуге, шағын кемелер мен басқа да жүзу құралдарына жақындамауға, тексерілмеген жерлерде сүңгімеуге, жүзуге арналмаған заттарды пайдаланбауға, сондай-ақ, қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, құздардан және суға секіруге бейімделмеген өзге де нысандардан суға секірмеуге шақырады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!