Астанада Ержан Бабақұмаров қайтыс болды

Астанада түнде 90-жылдардан бері мемлекеттік құрылымдарда әртүрлі қызмет атқарған Ержан Бабақұмаров қайтыс болды. Полицияның мәліметінше, экс-шенеунік соққыға жығылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алдын ала мәлімет бойынша бұрыннан таныс адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Салдарынан 56 жастағы Ержан Бабақұмаров алған жарақаттарынан көз жұмған.

"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды, соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деді полиция.

Ержан Бабақұмаров туралы не белгілі?

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі болған. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы және вице-министр қызметтерін атқарған.

Премьер-министр канцеляриясы басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі - Президент әкімшілігінің талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметтерін де атқарған.

2019 жылғы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы әкімінің орынбасары болған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз