Астанада ер адам полицейге айтқан сөзі үшін қатаң жазаға тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2025 жылғы 15 шілде кешке К.-ны полиция қызметкерлері тоқтатып, аудандық бөлімге бірге баруды талап еткен. Бұл ер адамға ұнамай, ол талапты орындаудан бас тартып, эмоцияға беріліп, полицейге күш қолданамын деген мазмұнда қорқыту сөз айтқан.
Сотта ол айтқанын жоққа шығармады. Қорқыту дерегі жәбірленушінің көрсетулері және қылмыстық іс материалдарымен расталды. К.-ның әрекеті Қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі "Билік өкілін қорқыту" бойынша сараланды.
Прокурор жаза ретінде бостандықты шектеуді сұрады. К. кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, айыппұл тағайындауды сұраған.
Бұл бап айыппұлдан бастап екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі кең ауқымды жазаны көздейді. Сот кінәні мойындауын, бұрын сотталмағанын және шын өкінуін ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Нәтижесінде сот бір жыл мерзімге бостандықты шектеу жазасын тағайындады.
Сотталған адам колонияда емес, үйінде тұрады, бірақ қадағаланады және бірқатар шектеуді сақтауға міндетті: тұрғылықты жері мен жұмысын ескертусіз ауыстырмау, қаладан шықпау, сот тыйым салған орындарға бармау, кейде белгілі бір сағаттарда үйде болу. Осы талаптарды бұзса, жаза күшейтіліп, тіпті бас бостандығынан айыруға да ауыстырылуы мүмкін.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек