Астанада ер адам полицейді соққыға жыққан

Астанада полиция қызметкеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға кеше түнде болған. Қаладағы ойын-сауық мекемелерінің бірінде билік өкіліне күш қолданған 31 жастағы күдікті анықталды.

Тергеу мәліметінше, жігіт дәмханада қоғамдық тәртіпті бұзып, мекемеге келген басқа келушімен жанжалдасып, арты төбелеске ұласқан. Мекеме маңында екі ер адам төбелескенін көрген полиция қызметкері оларды тәртіпке шақырмақ болған.

"Олардың бірі билік өкіліне күш көрсеткен. Күдікті өз кінәсін мойындады.  Осы дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған полиция хабарламасында.

Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Құқық қорғау органдары азаматтарға билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсеткен жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын еске салады.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында полиция итке пышақ сұққан ер адамды ұстады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз