Астанада ер адам киім сататын дүкенде киініп, бір тиын да төлемеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқоңыр ауданының Полиция басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында сатушыны жасанды чекпен алдап соққан астаналық ер адамды анықтады. Ер адам сауда-ойын-сауық орталығында киім сататын бутикте болып, сатушыға мобильді қосымша арқылы тауарға төлем жасағаны туралы чекті көрсеткен.
Қаскүнем бас киімнен бастап аяқ киімге дейін толық киім алған. Сол жерде жалпы сомасы 230 мыңнан астам теңгеге төлем жасағаны туралы чекті жасаған және сатушыға көрсеткен. Сосын сатып алушы адам киім салынған пакетті алып, емін-еркін шығып кеткен. Қазіргі уақытта "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ер адам кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Полиция кәсіпкерлікпен айналысатын қызметкерлердің чектерді қолдан жасап, алдап соғатын алаяқтардан сақ болуын ескертеді. Алаяқтар төлем жасағаны туралы жасанды чектерді көрсетіп сатушыларды оп-оңай алдап соғады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!