Елордада ер адам би мектебінен техника ұрлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы ауданы Полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен қаланың 41 жастағы тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында ер адам күндізгі уақытта Қуанышбаев көшесіндегі бизнес орталыққа келгені анықталды. Ол екінші қабатқа көтерілгенде, аяғының астынан қатты бір нәрсені байқаған.
"Сол жерде орналасқан би студиясының иесі кілтті кіреберіс есіктің алдындағы кілемшенің астына қалдырған. Қылмыстық ниетпен қаскүнем маңайында ешкім жоқ сәтті пайдаланып, студиядан Asus маркалы ноутбук пен музыкалық колонканы ұрлап алып шыққан. Жалпы келтірілген шығын 190 мың теңге мөлшерінде. Ер адам ұрланған техниканы арзанға сатып жіберген", - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп, ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болу керек екенін, бағалы заттарды қараусыз қалдырмау қажет екенін ескертеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!