- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада енесі бұрынғы...
Астанада енесі бұрынғы келінінен қалың мал сомасын өндіріп алмақ болған
Қазақ ұғымында "Қалың мал" байлық пен жомарттықтың белгісі еді. Ал қазір оның мәні өзгерген секілді. Дәм-тұзы жараспай ажырасқаннан кейін қалың малды қайтарып беруді сұрайтындар көбейген, - деп хабарлайды astanatv.kz.
Өзін Оңтүстіктің келінімін деп таныстырған әйел күйеуімен дәм-тұзы жараспай, заңды түрде ажырасқан. Арада біршама уақыт өткен соң оған тағы соттан шақырту келіген.
"Енем сотқа беріпті. Бүкіл қалың малды өндіріп, қайтарсын деген мағынада. Қалың малды бізде қазақта не үшін береді? Қыздың дүниесін апарсын, артынан көрпе-төсегін алып барсын деген сияқты. Ол заттың барлығы алынып, менің шешем оның барлығын апарып қойған. Енді қандай оймен, қандай ниетпен олардың бұлай жасап жатқанын түсінбедім? Білмеймін, кек алғысы келе ме? Ол жағын түсінбедім. Енді мен қалай ол ақшаны төлеуім керек?" - дейді келін.
Ерлі-зайыптылар бұған дейін мүлікті бөлісе алмай дауласса, ал қазір қалың малды қайтару үшін шағымданатын арызқой көбейген.
"Арызда қалың малдың көлемін 2 мың доллар деп көрсеткен. Істі қарай келе, қалыңдыққа алынған алтын бұйымдар мен былғары тонның құны 1 миллион 800 мыңға бағаланды. Соттың шешімімен талап арыз қанағаттандырылмады. Әрине, олар соттың бұл шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданды. Апелляцияда да үкімді өзгерткен жоқ. Себебі ерлі-зайыптылардың ажырасқаннан кейінгі қалың малдың қайтарып алу еліміздің заңнамасында көрсетілмеген. Қалың мал ол өтемақы емес, ол - сыйлық", - дейді Астана Есіл аудандық сотының судьясы Даржан Хакимова.
Ал мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров қалың малды даулайтын ата-енелердің бұл әрекетін қазақтың тамырынан ажырай бастағанының көрінісі дейді.
"Қазақ тарихында болған. Бірақ ол болары болып, бояуы сіңбей тұрып. Мысалы, атастырылса, кейіннен құдалар айнып жатса, үйленетін жігін не қыз қайтыс болса, бір жағдайға ұшырап жатса, билердің шешімімен сол замандағы соттың шешімімен халықтың ұйғарымымен қалың малын қайтып алатын болған. Егер орнына басқа қыз бермесе, бірақ енді үйленіп, балалы болып, ерлі-зайыпты болып қойғаннан кейін қайтадан қалың мал талап ету ол бір үлкен көргенсіздік деп ойлаймын. Қазақ тарихында да мәдениетінің аясына сыймайтын нәрсе", - дейді мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров.
Қалың малды даулау мәселесіне қатысты тұрғындар пікірі де осыған саяды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек