Астанада ЭКСПО-2017 қарсаңында ағылшын тілін жетілдіру мәселелері талқыланды

Астанада ЭКСПО-2017 қарсаңында ағылшын тілін жетілдіру мәселелері талқыланды
Фото: expoandwomen.com
КАЗГЮУ университетінде ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде өткізу үшін елордада туристік саланы дамыту және ағылшын тілін жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
 
«ЭКСПО-2017 арналған туризм және ағылшын тілі» тақырыбындағы форум көрмеге қатысушылар мен мүдделі тұлғалар арасындағы ынтымақтастыққа арналған алаңға айналды.

Шара барысында жиналғандар халықаралық көрме барысында ағылшын тілін қолдану дағдылары мен жекелеген әдістемелерін үйренді.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев студенттерді шет тілін меңгеруге шақырды.

- Туристік білім беретін ЖОО-лар көп. Олардың теориялық білімдері жақсы, басты мәселе – мамандардың ағылшын тілін білмейтіндігінде. Заманымыздың қойған талабымен бүгінде бәсекеге қабілетті болу үшін бірнеше тіл білу керек. Мысалы, ағылшын тілімен қатар қытай тілін де меңгерген абзал - дейді Марат Игалиев.

Оның айтуынша, ЭКСПО-2017 өзін-өзі танытуға лайықты алаң бомлақ. Департамент басшысы жастарға еріктілер қозғалысына қатысуды ұсынды.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» дамыту және туризм департаментінің менеджері Сәуле Бөлебаева халықаралық көрмеге толығырақ тоқталды.

-  Көрмеге 5 млн астам адам келеді деп күтілуде. Қаншама адамды қарсы алуымыз керек, оларға қызмет көрсетіп, еліміздің беделін түсірмеуіміз қажет. Қазіргі кезде 104 мемлекет, 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын растады. Кейбір мемлекеттерде визалар алынып тасталды, қонақтарымыз елге еш қиындықсыз кіре алады. Әрине, бұл аса өзекті тақырып, біздің жасап жатқанымыздың барлығы болашақ энергиясын үнемдеуге байланысты, - деді Сәуле Бөлебаева.

Айта кетейік, бүгінде халықаралық көрмеге қатысатын мемлекеттерде белсенді дайындық жұмыстары жүргізілуде.

- Қазіргі кезде тұжырымдама әзірленіп жатыр, француз павильоны ең үлкен павильондардың бірі болады. Біз болашақ энергиясына қатыстының бәрін көрсетеміз – ескі энергиядан жаңасына өту – бұл күн, жел, су. Күн сайын мәдени және ғылыми шаралар өткізіледі,- деді Францияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Томас Хойт.

Сонымен қатар, литвалық павильон да үлкен болады. Литва Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілі Адомас Давалга Литвада әлемдегі ғылыми лазердің көп бөлігі шығарылатындықтан лазер тақырыбын таңдағандарын жеткізді.

Шара соңында туристік, аударма агенттіктерінің, сондай-ақ еріктілер ұйымдарының қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.

T. Кіршібаев