Автокөлік бөлшегін ұрлап кеткен екі астаналық оқушы анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға Renault автокөлігінің иесі жүгініп, 150 мың теңгеге сатып алған автокөлік бөлшегінің ұрланғаны туралы хабарлады. Жәбірленушінің сөзінше, ол автокөліктің бөлшегін үйінің ауласында қалдырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа 15 және 14 жастағы екі жасөспірімнің қатысы барын анықтады. Кәмелетке толмағандар автобөлшекті алып, оны металл қабылдау орнына өткізген.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар ұрлық жасағанын мойындады, олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, заттай дәлелдеме тәркіленді және иесіне қайтарылды.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ өз үйлерін сенімді құлыптармен жабдықтауды ескертеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз