Астанада 3 шілдеде "Хан Шатыр" cауда орталығы жанындағы алаңда "Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана" көшпелілер өркениеті фестивалі өтеді.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, аумақта "Көшпелілер музейі" ашылады. Этноауыл қонақтары қазақ халқының мәдениетімен таңғы сағат 11-ден кешкі сағат 22.30-ға дейін таныса алады екен. Әкімдіктегілердің айтуынша, шараға Қазақстанның өңірлерінен ғана емес, сонымен қатар, таяу шетелдерден де халық қолөнерінің шеберлері келеді.
"Күн сайын ерекше сазды концерттер ұйымдастырылады. Мысалы, шараның ашылуында сағат 16.00-де ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған эпикалық әндерді тыңдауға болады. Ал кешке сағат 21.30-дан 22.30-ға дейін қонақтар Нұрлан Өнербаевтың концертін тамашалайды. Келесі күні қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орайластырылған концерт өтеді. Мұнда ақынның қанатты шабытпен дүниеге келген шығармаларын тыңдауға болады. Ал шараның соңында келушілер "Жүйелі сөз" дәстүрлі ақындар айтысын тамашалайды", - деді әкімдіктегілер.
Сонымен қатар, 5 шілдеде сағат 16.00-де қонақтар үшін атақты әнші, композитор Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына орайластырылған "Күміс көмей" дәріс концерт ұйымдастырылады. Содан кейін сағат 19.00 ақындар ақтық сында сөз жарыстырады. Ал "Хассак" және "Сарыарқа" фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің концертінен кейін сағат 17.00-де еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған эпос кеші өткізіледі.
Айта кетейік, көшпелілер өркениеті фестивалі сағат 20.00-де "Той тарқар" шарасымен салтанатты түрде жабылады.
Дереккөз: tengrinews.kz