Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды

Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Ашылу салтанатының мәртебелі қонақтары қатарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның III Президенті Намбарын Энхбаяр бар.

Ашылу салтанатында дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруі өтті. 

 

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.

Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.

Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі сағат бойы 3 мың өнерпаздың қатысуымен, заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетілді.

 Сондай-ақ, ашылу салтанатында Халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті. 

 Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.

 

 Дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді, Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады.

 Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. Көшпенділер ойындарынан шамамен 400 шетелдік БАҚ хабар таратады.

 Ойындар «Думан» қонақ үйі, «Қазанат» ипподромы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және «Алау» мұзайдыны мен «Астана Арена» кешенінде өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!