Астанада «NADLoC» Жергілікті қамтуды дамыту Ұлттық агентігі» АҚ-ы ҚР ИДМ Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жергілікті қамтуды дамыту мәселелері бойынша семинар өткізді.
Семинар жұмысына түрлі өнеркәсіп саласы қауымдастықтарының, мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
Бұдан бөлек, спикер ретінде Швейцариядан, Түркия мен Белоруссиядан халықаралық сауда және жергілікті қамту саясаты мен субконтракт саласында тәжірибелері бар сарапшылар шақырылды. Шақырылған кеңесшілер жергілікті қамту бойынша жүргізген зерттеу нәтижелерімен бөлісті және ДСҰ талаптарына сәйкес келетін бірқатар ұсыныстар берді.
Семинар барысында қатысушылар отандық тауар өндірушілердің тауарына қолдау көрсету, атап айтқанда ДСҰ мен ЕАЭО ықпалдастық жағдайында жұмыс пен қызмет көрсету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Қазақстанда бәсекелестік ортаны дамыту бойынша халықаралық тәжірибе қарастырылды. Бұдан бөлек, Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында үздік субконтрактілі тәжірибені қолдану жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қатысушылардың белсенді пікірсайысынан кейін көтерілген мәселелердің және алдағы уақытта өнеркәсіптің түрлі салаларында қолдануға болатын сарапшылар ұсынған үздік жаңа тәсілдердің өзектілігі айтылды. Бұл өз кезегінде отандық тауар өндірушілердің ДСҰ аясында бәсекеге қабілеттілігін сақтауға ықпал ететін болады.