Бүгін Риодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Ғашықтар саябағында ағаш отырғызды. Спорт жұлдыздарының жаңа аллеясына төртжылдықтың басты додасында олжалаған әр медальдің құрметіне 19 тянь-шань шыршасы егілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Шараға Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, Риодағы Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит, Гюзель Манюрова, қола жүлдегерлер Екатерина Ларионова, Дариға Шәкімова, Иван Дычко, Карина Горичева және Фархад Харки, сондай-ақ, паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, күміс жүлдегер Раушан Қойшыбаева қатысты.
- Мен жеңіске жетуді армандағам, бірақ Астанада ағаш отырғызамын деп ойламаппын, осындай аллеяның ашылғанына қуаныштымын. Бұл жерде біз Олимпиада чемпиондарымен теңбіз, - дейді Рио-де-Жанейродағы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ағашты күтіп-ұстайтынын айтты.
- Қолыма күрес ұстамағалы көп болды. Міндетті түрде қарап жүремін. Өзм осы жерге жақын тұрамын. Отбасыммен демалу үшін келіп тұрамын,- деді чемпион.
Ал жазғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит бірінші рет ағаш отырғызғанын айтты.
- Аллеяның ашылуына қатысу мен үшін құрмет. Тұрғындар бізден үлгі алып, ағаш отырғызсын, қаланы абаттандыруға, көгалдандыруға үлес қоссын, тазалық сақтасын, - дейді спортшы.
«Чемпиондар аллеясында» Серік Сәпиевтің де шыршасы бар. Былғары қолғап шебері шараға қатысуға қуана келісіп, барша қазақстандықтарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақырды.
Айта кетейік, Ғашықтар бағына қала тұрғындары мен қонақтары жиі баратындықтан, аллея осында жасалды. Алдағы уақытта аллея кеңейтіліп, танымал қазақстандық спортшылар, өткен олимпиадалардың жеңімпаздары ағаш отырғызатын болады.