- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада бұрынғы сүйіктісін...
Астанада бұрынғы сүйіктісін алып қашпақ болған ер адам 3 жылға сотталуы мүмкін
Астана тұрғыны бұрынғы сүйіктісін алып қашпақ болған, алайда ауа райы оның бұл әрекетіне тосқауыл болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"102" пультіне 20 жастағы қызды Daewoo Nexia автокөлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Қоңырау шалған адамның хабарлауынша, кешкі уақытта туысы екеуі жұмыстан қайтып келе жатқанда, тұрғын үйдің ауласында оларға көлік жақындап келіп, ішінен төрт жігіт түскен. Әпкесін күштеп көлікке отырғызып алып кеткен.
Арызданушы таныған кісінің бірі олардың ауылдасы болып шыққан. Бұрын олар қарым-қатынаста болған, бірақ көп ұзамай олар айырылысып, аралары алыстап кеткені белгілі болған.
Полицейлер күдіктілер мінген көлікті аңдып, тоқтатты.
"Белгілі болғандай, жігіттер оны Түркістан облысына апармақ болған, бірақ ауа райының қолайсыздығынан қаладан шыға алмаған. Қазіргі уақытта адамды бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады", - деп хабарлады полиция.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан