Астанада бір пәтерге тіркелетін тұрғын санына шектеу енгізілуі мүмкін. Тиісті заңнамалық түзетулерді Мәжіліс депутаттары қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қазір халық ірі қалаларда өмір сүруге ұмтылады. Бұл басқа мәселе туындауына әкеп соғып отыр.
"Тәжірибе көбіне тұрғын үй иелері көші-қон заңнамасын бұзып, азаматтарды нақты тұрмайтын мекенжайға ақшасына тіркейтінін көрсетіп отыр", - деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәселені шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Елорданы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң жобасында Астанада тұрақты және уақытша тұруға тіркеу нормалары белгіленген.
"Мәслихат бір азаматқа қанша шаршы метрден (келетінін - еск.) анықтайды. Сондай-ақ, елордада белгіленген нормалардан артық адамды тіркеуге тыйым салынады. Алайда бұл талаптар пәтер иесінің жұбайы мен жақын туыстарын тіркеген жағдайда қолданылмайды", – деді Серік Жұманғарин.
Заң жобасын әзірлеушілер пәтерлеріне нақты тұрмайтын адамдарды тіркеген меншік иелерінің жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, тұрғындарды уақытында тіркеуден шығармайтындар да жауапқа тартылуы мүмкін. Тиісті түзетулер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске (ӘҚБК) енгізіледі.
Алайда Серік Жұманғарин заң бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын нақтыламады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова