Астанада таңертең бірнеше сағаттың ішінде 57 жол апаты болған. Зардап шеккендер бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордалық Полиция департаменті өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды мүмкіндігінше, мұқият және сақ болуға шақырды.
"Таңғы сағат 07:00-ден бері елордада 57 жол апаты тіркеліп, бір адам зардап шекті. Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдықты шектеуді, қауіпсіз қашықтықты және бүйірлік аралықты қатаң сақтаңыз. Сондай-ақ, көлік жүргізгенде гаджеттерді қолданбауға шақырамыз, патруль полиция қызметкерлерінің талаптарын орындау сұралады", - деді Астана ҚДП баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өткен кезде келе жатқан көліктердің жоғына көз жеткізуге кеңес береді. Жолды кесіп өткенде, гаджеттерден бас тартып, құлаққапты шешіп, көлік келе жатпағанына көз жеткізу маңызды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алдын алу шаралары жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, елорда тұрғындарына түсіністікпен қарауды, жеке көліктерін жол бойында қалдырмауды және тазалау құралдарына кедергі жасамау сұралады.
Еске салайық, кеше түнде Астанада жаңбыр жауған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!