Астанада блогер пранк жасаймын деп 10 күнге қамалды

Астаналық блогер пранк жасап, 10 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында қала тұрғынының видеосы анықталған. Кадрда ол өзін әскери қызметкер ретінде таныстырып, әскери комиссариаттан екенін айтып, бір адамды алдағаны көрінеді.

Оқиға барысында жігіт қашып кетуге тырысып, жүгіріп бара жатып суға секірген, кейін ол дер кезінде құтқарылған.

Автор бұл видеоны әлеуметтік желіде ойын-сауық контенті ретінде жариялаған.

"Полиция қызметкерлері видеоны түсірген адамды анықтап, оны ұстады. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Пранкке қатысқан екінші адам, яғни кәмелетке толмаған жасөспірім видеоны түсірген адаммен келісіп, түсірілімге қатысқаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.

Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша, сондай-ақ, арнайы форманы заңсыз кигені үшін 27 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!