Астана іргесіндегі Қосшы қаласында қызын би үйірмесіне берген ана қайғыдан қан жұтып отыр. Кеше жаттығу кезінде 10 жасар баланың жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған. Ұстазы жедел жәрдем шақырғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмапты. Қыздың демікпесі бар болған екен. Қазір полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
4-сыныптың оқушысы Жасмина би үйірмесіне келіп жүргеніне бір жылдан асқан. Кеше кешкі уақытта басы ауырып, есін жоғалта бастағанда, мұғалімі дереу жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ бала ауруханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.
Сол күні Жасмина түс ауа би үйірмесіне барады. Сабақта өзін жайсыз сезініпті. Әрі қарай ұстазы жедел жәрдем шақырып, дереу анасына хабарласқан. Себебі баланың бұрыннан демікпесі болған. Тұңғышынан айырылып қара жамылған отбасы дәрігерлер дер кезінде келмеген деп топшылайды.
"Ол биге кішкентай кезінен қатысып келді. Қазір барлық мекеме өздерін ақтап алып жатыр. Менің ойымша, жедел жәрдем уақтылы келмеген. Балаға дер кезінде көмектесу керек еді", - деді марқұмның туысы Людмила Сағадиева.
Алайда Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы мұны жоққа шығарды. Жедел жәрдем бес минут ішінде оқиға орнында болған дейді.
"Бірнеше минуттан кейін баланың есінен танып қалғаны және жағдайының нашарлағаны туралы екінші шақырту түсті. Өкінішке қарай, реанимациялық шаралар нәтиже бермеді, бала қайтыс болды — биологиялық өлім тіркелді. Бұл дерек бойынша Денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізеді", - деді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Нариман.
Ал қара жамылған отбасы Қосшы қаласындағы мәдени-спорт кешенінің басшылығын да кінәләп отыр. Себебі үлкен ғимаратта алғашқы көмек көрсететін бірде-бір маман болмапты.
"Жедел жәрдем келгенше, ешкім алғашқы медициналық көмек көрсетпеді. Мұғалімдер анасы Әсемге хабарласқан. Ол жедел жәрдемнен бұрын барған. Ол баласын қолына алып, құшақтап, не істерін білмей жылап тұрғанда, бәрі қарап тұра берген", - деді марқұмның әжесі Гүлнәр Сматова.
Мұндағылар ғимаратта медициналық кабинет жоқ екенін, алғашқы көмек көрсетуге дайын емес екенін растап отыр.
"Штат кестесіне сай, жоғары тұрған уәкілетті орган бекіткен тәртіп бойынша Қосшы қаласының Мәдениет үйінде медицина қызметкері лауазымы қарастырылмаған", - деді Қосшы қаласы әкімінің кеңесшісі Ардақ Зұлқажапқызы.
Ақмола облысының полиция департаменті мән-жайды анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Соның қорытындысы бойынша спорт кешені қызметкерлерінің немесе өзге де жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!