Астанада қымбат тұрғын үй кешендеріндегі үш пәтер сатылымға шығарылды. Олардың бағасы 100-ден 300 миллион теңгеге дейін жетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Green Village кешеніндегі "сарай"
Ауданы 231 шаршы метр болатын алғашқы пәтер 2010 жылы салынған Green Village тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ол Нұра ауданы, "Комсомольский" тұрғын алабы, Қарашаш ана көшесі, 23/1 мекенжайында тұр.
Жылжымайтын мүлік 114 миллион теңгеге сатылып жатыр. Пәтердің кіреберісінен бастап бағаналар мен терезелер ерекше көзге түседі.
e-qazyna.kz сайтынан
Бөлменің басқа бөлігінде ошақ, үлкен терезе және теледидар орны бар. Барлық жерде дерлік әшекейлі сылақтар қолданылған.
e-qazyna.kz сайтынан
Төбедегі ерекше дизайн да назарыңды аударады:
e-qazyna.kz сайтынан
Жуынатын бөлмеде "Винни-Пух және барлығы-барлығы" мультфильмінен мозаикалық көрініс салынған.
Жиһаздың басым бөлігі піл сүйегі түстес, әшекейлі сылақтармен және алтын жалатылған өрнектермен безендірілген.
e-qazyna.kz сайтынан
"Париж кварталы" тұрғын үй кешеніндегі екі пәтер
Сатылымға шығарылған қос пәтер де Астана қаласы, Алматы ауданы, Шарль де Голль көшесі, 5 мекенжайында, яғни 2012 жылы салынған "Париж кварталы" тұрғын үй кешенінде орналасқан. Лоттар sauda.e-qazyna.kz порталында жарияланды.
Бірінші пәтер
Бұл тізімдегі ең қымбаты - екі деңгейлі пәтер. Жалпы ауданы - 309,5 шаршы метр. Бастапқы бағасы - 363 244 554 теңге.
e-qazyna.kz сайтынан
Суреттерге қарағанда, бұл пәтерде бала тұрған. Бұған интерьердегі бөлшектер - әуе шары бейнеленген тұсқағаздар, қонжық бейнесіндегі шкаф және басқа да балалар элементтері дәлел.
e-qazyna.kz сайтынан
Екінші пәтер
Үш нысанның ішіндегі салыстырмалы түрде ең арзаны - "Париж кварталы" ТҮК-дегі 93 шаршы метрлік пәтер. Оны 112 926 585 теңгеге сату жоспарланған. Мұнда бәрі алдыңғыларға қарағанда әлдеқайда қарапайым.
e-qazyna.kz сайтынан
Хабарландырудағы суретте тұрғын үй кешенінің кіреберісі көрсетілген. Кадрда үлкен аспашамдар, айналар мен былғары дивандар көрінеді.
e-qazyna.kz сайтынан
Айта кетейік, барлық пәтерді Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатып жатыр. Бұл дегеніміз пәтерлерді кезінде иелері заңсыз жолмен келген ақшаға сатып алған, ал кейін бұл активтер мемлекетке қайтарылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова