Астаналық полицейлер "Қорғау" құрылғысының көмегімен 13 мыңнан астам борышкер жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ мамандарынан білгеніміздей, "Қорғау" бағдарламасы көше камераларынан алынған деректерді талдап, жақын маңдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізушінің келе жатқаны туралы белгі береді. Бұл жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзып, көлікті жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізуші болуы мүмкіндігін ескертеді.
"Айта кетерлігі, елордалық полиция департаментінің қызметкерлері бұл жүйенің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда. Астаналық тәртіп сақшылары "Қорғаудың" көмегімен қала көшелеріндегі тәртіпті жақсартып қана қоймай, алимент берешегі мен әкімшілік айыппұлдары бар, заңды және жеке тұлғаларға қарыз авто жүргізушілерін де анықтауда. Мәселен, полиция қызметкерлері балаларына 8,2 миллион теңге қарыз болған 35 жастағы Toyota автокөлігінің жүргізушісін ұстады", - дейді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде тағы бір жапондық көлік иесінің 22 миллион теңге қарызы бары белгілі болған. Қазіргі таңда екі көлік те айыптұраққа қойылды.
Ал, Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері "Қорғау" бағдарламасы арқылы 734 миллион 313 мың теңге көлемінде айыппұл төлемеген 13 483 автокөлік иелері ұсталды.
"Жалпы, жүйе іске қосылғаннан бері Астанада 460 автокөлік қамау алаңына қойылып, жалған нөмірмен автокөлікті басқарудың 106 фактісі анықталып, құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 жылға көлік басқару құқықтарынан айырылды", - делінген ведомство ақпаратында.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!