Астанада бала күтушісін алдап кеткен үй иесі өтемақы төледі

Астанада бала күтушісін алдап кеткен үй иесі өтемақы төледі
Фото: elements.envato.com

Астанада бала күтушісін алдап кеткен үй иесі өтемақы төледі. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты үй жұмыскері (бала күтуші) ретінде жұмыс істейтін Ж-ның жұмыс берушісіне жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы талабы бойынша істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істің мән-жайларына сәйкес 2024 жылғы қаңтарда тараптар арасында 1 жыл мерзімге еңбек шарты жасалған, сәуірде талап қоюшы науқастанып, екі апта бойы өз міндеттерін орындай алмаған.

Содан кейін жұмыс беруші 2024 жылдың сәуірінен бастап жұмыскерге мұқтаж емес екенін хабарлап, сәуірдің екі аптасында жұмыс істеген уақыты үшін жалақы бойынша міндеттемесін орындамай, еңбек шартын бұзған.

Сотта 2024 жылғы 15-28 сәуір аралығында жұмыскер еңбекке жарамсыз болған, ол туралы уақытша еңбекке жарамсыздық парағы бары анықталды. Жұмыс беруші бұл жағдай бойынша хабардар болған.

Сонымен қатар еңбек шартының 2,4-тармағында тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа бұл туралы кемінде екі апта бұрын жазбаша ескертіп, оның талаптарын орындаудан біржақты бас тарту жолымен шартты бұзуға құқылы делінген.

Сол себептен сот талапты қанағаттандырып, екі жұмыс аптасы үшін жалақы өндіріп алды. Сот шешімі заңды күшіне енген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина