- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанада бақылаушыны не...
Астанада бақылаушыны не үшін шығарды? Сайлау учаскесі түсініктеме берді
Учаскелік комиссия Астанадағы референдумде бақылаушынының учаскеден шығарылғанына қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Учаскелік комиссия төрағасы Хорлан Ташатованың айтуынша, "Еркіндік қанаты" қорының бақылаушысы сайлаушылар тізімдерін олардың жеке деректерімен бірге видеоға түсірген.
"Бұл Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау туралы заңнамасын өрескел бұзу болып саналады және Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңына қайшы келеді. Сонымен қатар ол басқа бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіріп, комиссия мүшелерімен дауласқан, тәртіп бұзып, дауыс беру процесін қиындатты. Осыған байланысты сайлау процесіне араласу фактісі бойынша акт жасалып, тиісті шешім қабылданды" – деп мәлімдеді Хорлан Ташатова.
"Еркіндік қанаты" қорының бақылаушысын №2 сайлау учаскесінен шығарылғанын жазған болатынбыз. Бұл учаске Еуразия ұлттық университетінің №14 студенттер үйінде орналасқан. Қордың мәлімдеуінше, бақылаушы учаскеде орын алған заңбұзушылықтарды суретке және видеоға түсіргені үшін шығарылған. Комиссия бақылаушыны шығаруға қатысты акт жасап, оның көшірмесін беруден бас тартқан.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, референдумдағы дауыс беру процесі тыныш өтіп, өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеген. Бүгін Қазақстанда АЭС бойынша референдум өтуде. Референдумның Орталық комиссиясы сағат 14:00-дегі мәліметтер бойынша алдын ала қатысу көрсеткіші 51,77 пайызды құрағанын хабарлады. Референдум заңды деп танылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет