Астанада әйел пышақ жарақатынан көз жұмды: күдікті - бұрынғы күйеуі

Астанада әйелді өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында полицияға әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен. Полицияның айтуынша, әйелге пышақ жарақатын оның бұрынғы күйеуі салғаны анықталған. Алған жарақаттары салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмған.

"Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды (соталды тергеу басталды - еск.). Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Астана ПД өкілі.

Ведомство желіде тарап жатқан ақпаратқа байланысты күдікті полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді.

"Тергеу барысы Астана қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Кінәлі адам заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Семейде 19 жастағы қыз кісі қолынан ажал құшқаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!