Астанада қызметке салғырт қарау дерегі бойынша бұрынғы төрт полицей ұсталды. Бұған әйелдің жантүршігерлік өлімі себеп болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияның мәліметінше, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қызметтік тексеріс жүргізген.
Тексеріс қорытындысы бойынша төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымынан босатылған.
Полиция департаменті бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.). Тергеу аясында бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды.
Тергеу жалғасып жатыр және жағдай ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.
Еске салайық, 23 қыркүйекте кешке Астанада әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!