Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық орындарда тәртіпті бұзған және балағат сөздер айтқаны үшін ер адамға қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта Instagram әлеуметтік желісінде аялдамада бейтаныс адам аялдама павильонының әйнегін әдейі сындырып, ал Р. телефонға түсіріп, сөйлеген сөзінде әдепсіз сөз айтқаны анықталды (Аялдама павильонының әйнегін сындырған адамға қатысты іс әлі қаралған жоқ).
"Сотта Р. өзінің кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініп, болған оқиғаны мас күйінде жасағанын түсіндірді. Р. кінәсі оның сот отырысында және сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берген түсіндірмелерімен, бейнежазбамен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен дәлелденді. Осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаны не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді", - делінген хабарламада.
Сот жасалған құқық бұзушылық үшін кінәлінің өкінуін жеңілдететін мән–жай және мас күйінде құқық бұзушылық жасауды ауырлататын мән-жай деп таныды.
"Р. соттың қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!