Астанада автосалондағы сату менеджері екі көлікті сатып беремін деп 23 млн теңге жымқырған

Астанада екі көліктің ақшасын алаяқтық жолмен жымқырған ер адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Қаладағы автосалондардың бірінде сату менеджері болып жұмыс істеген ер адам алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қала тұрғындарына тиесілі екі көлікті заңсыз иемденген.

Жәбірленушілер өздеріне тиесілі Changan CS55 Plus және Toyota Camry көліктерін әрі қарай сату үшін автосалонға тапсырған. Кейін ер адам көлік иелеріне көліктерді сатып алатын адам табылғанын айтып, ақшасы бірнеше күн ішінде аударылатынына сендіріп, көліктерді үшінші тұлғаның атына қайта рәсімдеуге көндірген.

Көліктер қайта рәсімделгеннен кейін сотталушы оларды сатудан түскен қаражатты өз қалауынша жұмсаған.

Заңға қайшы әрекет салдарынан жәбірленушілерге жалпы сомасы 23 млн теңге көлемінде материалдық залал келген.

Сот үкімі

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақ ұсынған. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.

Сот үкімімен қала тұрғыны кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!