Астанада қоғамдық көлікте жол жүру және багаж тасымалдау тарифтері өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа тариф бойынша қазанның аяғына қарай автобустарда қолма-қол ақшасыз төлем жасағанда жол жүру құны 150 теңге болады. Мұндай тариф әлеуметтік маңызы бар бағыттарда да қолданылады.
Қалалық экспресс маршруттарда қолма-қол ақшасыз төлем немесе жол жүру құжаты арқылы төлеу 300 теңге болады.
Қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда қалалық бағыттағы жол жүру құны 300 теңге, ал экспресс бағытта 400 теңге болады.
Қала маңындағы бағыттарда тариф қолма-қол ақшасыз төлем кезінде шақырымына 13 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлегенде шақырымына 19 теңге болады.
Қаулыда электрон төлем жүйесі жұмыс істемесе, электрон жол жүру билетін немесе басқа да қолма-қол ақшасыз төлем сервистерін пайдаланатын жолаушылар тегін жүре алатыны көрсетілген.
Өзгерістер қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова