Астанада автобуста бойжеткенге тиіскен 46 жастағы ер адам ұсталды. Жәбірленуші басынан өткен жағдайды әлеуметтік желіде жариялап, көпшіліктің назарын аударған. Енді бұл іске сот нүкте қоймақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Қазақстандық бойжеткеннің айтуынша, қалалық автобуста келе жатқанда денесіне біреудің қол тигенін анық сезген. Артына бұрылғанда ер адамның қолын көріп, мұның жай емес екенін түсінген.
"Ол мені ұсталады. Мен кілт бұрылып, одан алыстап: "Ұят емес пе!" – дедім. Бірақ сол сәтте де өзімді ыңғайсыз сезініп, ұялдым", - деп жазды ол.
Скриншот: Threads
Бойжеткен ер адамды суретке түсіріп алып, болған жайтты жария түрде айтуды жөн көрген. Ол полицияға жүгінген күннің өзінде әділдікке қол жеткізе алатынына күмәнданғанын мойындады.
"Мені ашуландыратыны тек автобуста болған жағдай емес. Өзімді дәрменсіз сезінгеніме қынжыламын. Қоғамдық көлікте әйел өз шаруасымен жайбарақат жүре алмайтыны қынжылтады. Неге біреу тиіскеннен кейін оның шынымен болғанын дәлелдеудің жолын іздеуге мәжбүр? Мені ашындыратыны осы", - деп жазды ол.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Пікір қалдырған көп әйел өздерінің де осындай жағдайға тап болғанын айтып, оқиғаларын бөліскен.
Полиция не дейді?
Астана қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері 46 жастағы ер адамды ұстағанын хабарлады.
"Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау бөлмесіне қамалды", - деп хабарлады ведомстводан.
Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарға тиіс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz