Астанада бағанаға соғылған автобус жүргізушісіне ота жасалған, жарақат алған жолаушылар да ем қабылдап жатыр. Жол апатынан ауруханаға бас-аяғы 15 адам түскен. Дәрігерлер тексерісінен кейін сегіз азамат үйіне жіберілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Инфаркт, инсультке қатысты айтатын болсам, ондай мәлімет әлеуметтік желіде шығып жатқанын білемін. Бірақ жүргізушінің қан талдамасына, басқа да сараптамаларына сүйеніп айтарым, ондай диагноз расталмады. Ал ішімдіктерді тұтынған-тұтынбағанын растайтын сараптама қорытындысы әлі әзір емес", - дейді №1 көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жеңісбек Бапанов.
55 жастағы автобус жүргізушісінің қатты соққыдан миы шайқалған. Елордадағы алтыншы автобус паркінде ол 5 жылдан бері жұмыс істеп келген.
Автопарк өкілдері жүргізуші сол күні таңғы сағат 5 жарымда жолға шыққанын айтады. Олар еңбек өтілі 36 жылға жеткен жүргізуші бұған дейін ішімдік ішіп, басқа да бейәдеп әрекетпен көзге түспегенін айтып отыр.
Айта кетейік, оқиға 21 ақпанда Астанада Бараев көшесінде болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова